4 маусым күні Алматы қаласында өткен ІSMA менталды арифметика бойынша 1 Халықаралық олимпиадаға қатысқан шәкірттерінің жетістіктері туралы «Парасат» мектеп- лицейінің ғылыми істері бойынша мектеп директорының орынбасары Бақыт Ерікқызы редакциямызға сүйінші сұрап, қоңырау шалды.
ІSMA менталды арифметиканың басқарушысы, әдістеменің авторы Гүлжан Бердібекованың ұйымдастыруымен өткізіліп отырған Алматы қаласында өткен олимпиадаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден барлығы 1000-нан астам оқушы қатысты. Олардың ішінде ауданымыздың намысын қорғаған «Парасат» мектеп- лицейінің 1-ші сынып оқушысы Ғалым Санжар, 3 сынып оқушысы Еслям Жәнбек, 4 сынып оқушысы Сәбит Абзал, 5 сынып оқушысы Ирғалиев Құрмет, 6 сынып оқушысы Журсунова Жанель бірінші орынды иеленді, 3 сынып оқушысы Сансызбаев Султан, 4 сынып оқушысы Усенова Жанэль, 8 сынып оқушысы Тлепбергенова Кунсулу екінші орынды иеленсе, 3 сынып оқушысы Ибадулла Сакен үшінші орынды және Бәйтерек орта мектебінің 7 сынып оқушысы Рахман Тұрсынқұлов бірінші орынды иеленіп қайтты,- дейді қуанышымен бөліскен үйірме жетекшісі. Халықаралық ІSMA – ның ең үздіктері ЮАР – да өткізілетін Бүкіләлемдік олимпиадаға қатысатын болады.
Бескөл ауылындағы «ІSMA» менталды арифметика үйірмесінің ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да балаларының жақсы жетістіктеріне қуанған ата-аналары бұл үйірменің баланың дамуына пайдасы зор дейді. Мұнда бастапқы деңгейде балалар көне есепшот «абакус» құралын пайдаланып, есеп шығарады. Кейін көз алдарына сол абакусты елестете отырып есептейді. Балалар алғашында абакусты көз алдына елестету кезінде екі қолын да қолданады. Бұл кезде мидың оң жақ және сол жақ жарты шарлары теңдей жұмыс істейді. Яғни, осы уақытта оқу да, ойлау да миға тез қонады. Осылайша барынша тез әрі сауатты есептеуге дағдыланады. Тіпті қолыңызда тұрған есептегіш калькулятор да менталды арифметиканы меңгерген баладан қалып қоюы мүмкін. Ал, бағдарлама соңында балалар тек алу мен қосуды ғана емес, көбейту мен бөлуді де, тіпті, санның түбірін табуды да еш қиындықсыз есептейтін болады, - дейді үйірме жетекшілері.
Қазіргі дамыған технологиялар заманында, түрлі ақпарат көздеріндегі аса көп ақпарат пен мектептің оқу материалын оңай қабылдап, есте сақтауға көмектесетін бұл жаңа бағдарлама бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие. Қазір көпшілік ата-аналар балаларын осындай орталықтарға беруге үйір. Себебі, ақыл мен ойдың жаңа технологиялармен санасатын заманында қаракөздеріміздің сезімтал, алғыр, қырағы, дарынды болғаны керек-ақ.
Зағипа АХМЕТОВА
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау