Мамандықты дұрыс таңдау-табысты өмірдің кілті.
Мамандық туралы жеткіліксіз білу — мамандық таңдауда кездейсоқтыққа әкеліп соқтырады. Мамандық таңдауда қателесу, таңдаған мамандығын жек көріп, жұмыс орнын жиі өзгертуге себепші болады. Кәсіптік ақпарат өте қиын, жан-жақты жұмыс. Ол әрбір экономикалық ауданның мамандарға қажеттілігі мен оның даму келешегі ескеріле отырып жүргізіледі. Кәсіптік ақпараттың мазмұны, ұйымдастыру мен әдістері әр жас кезеңінде әр түрлі болады. Сондықтан да мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізу керек. Мәселен, бастауыш сыныпта мамандық таңдау емес, еңбекті сүю,құрметтеу бағытында жүргізілу керек. Осы мақсатта 13.02.-18.02.17ж аралығында 1-4 сыныптар арасында «Мамандық әліппесі», «Мамандықтың бәрі жақсы» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті.
Мақсаты: Балалардың мамандық туралы түсініктерін дамыту, кеңейту. Мамандық ерекшеліктері мен пайдасын ажырата білуін үйрету. Балалардың сөздік қорын молайтып, байланыстыра сөйлеуін жетілдіру. Тілін дамытып, әр бала өз ойын еркін айта білуге дағдыландыру. Әр мамандық түріне керек құралдарын білуге ,әр мамандықты құрметтеуге, еңбекті сүюге үйрету.
Тәрбие сағаты барысында мұғалімдер «Мамандықтар әлемі» атты мультфильм көрсету арқылы оқушыларды мамандықтардың көп түрлігімен таныстырды.Мақал-мәтелдер, әр мамандық туралы тақпақтар айтып әр мамандықтың кәсібімен танысты. «Өскенде кім боламын?» тақырыбына шағын эссе жазып өз армандарымен бөлісті.Аса қызығушылық тудыратын мамандықтар туралы ақпараттар жинап, бір-бірімен бөлісті. 4-сынып оқушылары бірлесе отырып «Мамандық таңдау-маңызды іс» тақырыбында жаднама құрастырды.«Зұлым сиқыршы ғажайып қаланың тату тұрғындарына залал келтірді. Туындаған жағдайға қандай мамандық иелері көмек береді және қалай?» деген жағдаят бойынша қызықты әңгімелер жазды. «Мамандықтың бәрі жақсы» тақырыбында сурет көрмесін ұйымдастырды. Ж. Аймауытов айтқандай: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».
Мамандық - қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.
Мамандық таңдау - тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Өз - өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоя отырып, жауап таба білу керек. Өз ісіне сенімді дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді.Сол себепті болашақ мамандықты таңдауды бастауыш сыныптан бастап ойлану керек.
Бастауыш сыныптар бойынша ОТІМ С.Қ.Искакова.
Жаңалықты мекеменің сайтында қарау
Жаңалықтар тізіміне көшу
Пікірлер